2026 жылғы 16 маусымда Теміртау қалалық тарихи-өлкетану музейінде мектеп жанындағы лагерь тәрбиеленушілері үшін «Young Professional» шығармашылық алаңы өз жұмысын бастады.
Іс-шара шығармашылық, халықтық дәстүрлер және музейлік жаңалықтар әлеміне жасалған қызықты саяхатқа айналды. Жас қатысушылар үшін үш тақырыптық алаң ұйымдастырылды, олардың әрқайсысы балалардың уақытын қызықты өткізуіне ғана емес, жаңа дағдыларды меңгеруіне, мәдени мұрамен танысуына және қиялға берілуіне мүмкіндік берді.
Алғашқы шығармашылық алаңда балалар тұрмыста қажет болатын пайдалы дағдыларды меңгеріп, аяқ киімнің бауын дұрыс байлауды үйренді, осылайша ептілік пен ұқыптылықты дамытты. Музей жәдігері – түлкі мүсінінен шабыт алған бүлдіршіндер түрлі-түсті оригами жасаумен қызыға айналысты. Ерекше қызығушылық тудырған «музей аквариумында» жас келушілер балықтарды «қоректендірді».
Екінші алаң қатысушыларды қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің дәстүрлерімен таныстырды. Балалар тұзды қамырдан торсық мүсіндеп, көне ыдыстың пішінін жеткізуге тырысты. Түпнұсқа басқұрды тамашалай отырып, әр топ шығармашылық көзқарас пен командалық рух танытып, осы ұлттық сәндік бұйымның өзіндік нұсқасын жасады. Заманауи технологиялардың көмегімен балалар дизайнер рөлін де сынап көрді, планшеттерде қорғау мен амандықтың нышаны саналатын дәстүрлі тұмардың түрлі-түсті бейнелерін жасады.
Үшінші алаң қозғалысқа, қуат пен көтеріңкі көңіл күйге толы болды. Қатысушылар би өнерінің негіздерімен танысып, бірнеше қарапайым қимылдарды үйренді және «Музейлік твистер» атты көңілді ойынға қатысты. Ойын барысында балалар самауырын, көмір үтік, ер-тұрман және қазан секілді музей жәдігерлерімен танысты. Ойын мен танымдықтың ерекше үйлесімі тарихпен танысуды одан әрі қызықты етті.
«Young Professional» шығармашылық алаңы балаларға жарқын әсерлер, жаңа білім және жағымды эмоциялар сыйлады. Қатысушылар музей атмосферасына қызығушылықпен еніп, өз таланттарын ашып, топпен жұмыс істеуді үйреніп, туған өлкенің бай мәдени мұрасымен танысты.







