2025 жылғы 10 сәуірде Теміртау тарихи-өлкетану музейінде «Ай жәдігері» жобасы аясында онлайн режимде «Т.Сүйінбайдың кітабы «Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров» атты экспозициясының ашылуы өтті.
Теміртау қаласының Құрметті азаматы - қандай керемет естіледі! Мұндай жоғары атақ кәсіби міндеттерін немесе азаматтық борышын орындау кезінде ерекше еңбегі мен жеке батылдығын көрсеткені үшін, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосқан адамдарға беріледі. Біздің қаламыздың құрметті азаматтарының бірі - тұңғыш қазақстандық ғарышкер, ұшқыш-сынақшы, техника ғылымдарының докторы және профессор Тоқтар Әубәкіров.
2005 жылы Т.Әубәкіров біздің музейді тамашалап, музей қорына «Менің туған қалам Теміртау музейіне алғыспен» деген өзінің қолтаңбасымен Т.Сүйінбайдың «Тұңғыш қазақ ғарышкері – Тоқтар Әубәкіров» атты кітабын сыйға тартты. Бұл кітап – қазақтың біртуар азаматы Т.Әубәкіров туралы деректі-көркем ғұмырнамалық эссе, кітапта ғарышкердің өмірінен алынған қызықты оқиғалар жазылған, оның мазмұны «Тоқтар ұшқан күн», «Ғарышта», «Оралу» сияқты бірнеше бөлімдерден тұрады. Кітаптың авторы Т.Сүйінбай шығарманың өн бойы, ұзақтығы барысында батыр ағамыздың еш қайталанбас, өзіне ғана тән Дала мінезін ашуға бағыттаған. Бұл кітапты баршаңызға оқуға кеңес береміз.
Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Қазақ тілінде Тоқтар есімі "Тоқта" дегенді білдіреді, оған мұндай есімді екі қыздан кейін отбасында тұңғыш ұлы болғандықтан қойған. Тоқтардың әкесі Оңғарбай-ата ерте қайтыс болды, анасы кіші балаларын Теміртауға, үлкен қызы Бикен мен күйеу баласы Нығметтиннің отбасына әкелгенде Тоқтар ағамыз небәрі бір жаста болған. Осы қалада №3 мектебінде бірінші сыныптың табалдырығын аттады. Тоқтар Әубәкіров бала кезінен ұшқыш болуды армандаған. Ұшақты көргенде, мен өмір бойына ғашық болдым: «Егер менен бұл өмірде кімді немесе нені бәрінен артық жақсы көресің десе, ол – ұшақ болады» - деп айтқан болатын.
Еңбек жолын орта мектептің 8-сыныбын бітіргеннен кейін бастайды, 1962 жылдан 1965 жылға дейін Теміртаудың құю-механикалық зауытында токарь болып жұмыс істеді. Жұмыс істеген жылдары, ол өз ауысымында 3 есе норманы орындап, өнімнің сапасын сақтаған. Мұндай еңбегі үшін бүкіл зауытта «Әубәкіров жасаған» деген белгіні алды, мұндай белгімен түскен өнімдер тексерусіз өткен. Осындай лайықты еңбегі үшін, 17 жасар Тоқтар Димитрова көшесінің 66 үйінен алғашқы пәтеріне ие болды. Бірақ жас жігіт өз арманын ұмытпады, сол арманын орындау үшін Армавир қаласындағы ұшқыштар даярлайтын жоғары әскери училищесіне жол тартты. Өзінің бір сұхбатында Тоқтар ағамыз былай дейді: «Маған сеніп, Армавир училищесіне жолдама берген Теміртау қаласына мен ризамын».
Көздеген мақсатына жету үшін ол Армавир жоғары әскери мектебін, ұшқыш-сынақшылар мектебін және Мәскеу авиация институтын бітіреді. Ол жаңа буын - МиГи ұшақтарын сынағысы келді. 1976 жылы маусымда Улан-Удэн авиазауытының сынақшы-ұшқышы болды. Тоқтар Әубәкіров МиГ-29К ұшағын жасауға тікелей қатысты, ұшақты зеңгір аспанға көтеріп және барлық режимдерде сынап, оны кемеге қондыруға дайындады. 1989 жылы "Тбилиси" авиатасымалдаушы крейсеріне «МиГ-29к» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырып, КСРО-да бірінші болып тасымалдаушы трамплиннен ұшуды орындады. Тоқтар ағамыздың бұл тұста өмір мен өлім қатар беттескен, өміріндегі ең жарқын тарихи оқиғасы болды. Осындай ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алып, есімі Гиннес рекордтар кітабына енді.
1991 жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті.
1995 жылы батылдығы мен қайсарлығы үшін «Халық Қаһарманы» атағына ие болды. 2001 жылы «Ғасыр саңлағы» атағын иеленді.