2025 жылғы 12 маусымда кезекті «Айдың экспонаты» өтті. Бүгінгі ай жәдігері жобасының кейіпкері – жазушы, публицист Дмитрий Васильевич Оськиннің күнделігі. Биыл ақынға 95 жыл толып отыр.
Бұл күнделік – жай ғана сарғайған парақтары мен қисық жазуы бар дәптер емес, бұл – уақыт капсуласы іспетті. Онда Қазақстан Магниткасын салған және сол дәуірдің шежірешісі болған адамның толғаныстары, ойлары мен күмәндері жазылған. Оның беттері тығыз, асығыс жазылған, автордың ой ағымы сәл кідірсе, жоғалып кетердей қорыққандай әсер қалдырады.
Жазушы, ақын, публицист Д.В. Оськиннің есімі Теміртау қаласы мен Қарағанды облысы тұрғындарына танымал. 1959 жылы Қазақстан Магниткасын салуға келіп, осы өңірде біржола қалады. Сол кезде құрылысшы-тас қалаушы болып жұмыс істей жүріп, күнделік жүргізуді тоқтатпаған. Ол күнделігіне өзі үшін маңызды, мәнді деп есептеген жайттардың бәрін түртіп отырған. Д. Оськиннің алғашқы өлеңдері 1959 жылы «Комсомолец Караганды» газетінде жарық көрді.
Теміртау қаласы мен Қазақстан Магниткасы оның әдебиетші ретінде қалыптасуында маңызды рөл атқарды. 1972 жылдан бастап «Казметаллургстрой» трестінің «Строитель» газетінде тілші болып жұмыс істеді. Алғашқы «Вижу солнце» атты кітабы 1964 жылы Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан жарық көрді.
Оның барлық шығармашылығы Теміртау тұрғындарына – Магнитка құрылысшыларына арналады. «Казахстанская магнитка – колыбель моя» атты кітабында ол Магнитка құрылысын қызықты әрі тартымды түрде баяндайды. Зауыт құрылысындағы алғашқы қағылған қазықтан бастап қуатты комбинат іске қосылғанға дейінгі бүкіл тарихы ынталы оқырманның көз алдынан өтеді.