13 тамызда Теміртау қалалық тарихи-өлкетану музейінде Спорт күніне орайластырылған «Жеңіс бастауында» атты көшедегі фотосуреттер көрмесінің ашылуы өтті.
Көрме Теміртаудың спорттық даңқының бастауында тұрған адамдарға - спортшыларға, жаттықтырушыларға және ұйымдастырушыларға арналды. Олар қаланың спорттық дәстүрлерінің негізін қалады. Экспозиция кейіпкерлерінің қатарында Б. Галиев, В. Цай, В. Елисеев, А. Кудрявцев, К. Сүйінбаев, К. Едгин, Н. Коток және А. Баранов бар.
Экспозицияның негізін музей қорындағы Теміртаудың спорттық өмірінің жарқын сәттері, жарыстар, жаттығулар және өз өмірін спортқа арнаған адамдар бейнеленген фотосуреттер құрады.
Көрмеде спортшылардың жеке заттарына, медальдары мен спорттық жабдықтарына ерекше орын берілді. Бұл жәдігерлер келушілерге тарихты фотосуреттер арқылы көріп қана қоймай, спорттық жетістіктердің нақты айғақтары арқылы сезінуге мүмкіндік берді.
Көрменің ашылуына Теміртау қаласындағы балалар аула клубтарының тәрбиеленушілері қатысты. Балалар үшін бұл туған қаламыздағы спорт саласын дамытуға үлес қосқан жерлестерінің есімдерімен танысып, алғашқы жаттығулардан бастап үлкен жетістіктерге жету жолын көруге тамаша мүмкіндік болды.


