2025 жылғы 18 наурызда «Уақыт және адамдар» атты инклюзивті жобасы аясында Наурыз мейрамына орайластырылған «Ұлттық киімнің құпиялары» білім беру бағдарламасы өтті.
Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханадан келген қонақтарымыз жанасу сезімдері арқылы тарихқа шолу жасады.
Қонақтар саусақ ұштарымен камзолдардың өрнегімен сырғып, шапандардың жұмсақ мамықтығын, жібек кестелердің тегістігін сезінді. Әрбір бітім оқиғаның бір бөлігі, әрбір тігіс дәстүрдің белгісі болып табылады. Қонақтар аңыздарды естіп қана қоймай, оларды сезіне алды.
Киімдегі ою – өрнектер тек сәндік мағынада жасалмайды, олардың әрқайсының өзіндік құпия мән-мағынасы бар екенін, киімдердің пішілуінде қандай құпия бар екенін, ұлттық киімдермен қандай нанымдар байланысты екені айтылды.
Бұл іс-шара өнер, тарих және дәстүрлердің қоғамда барлығына қолжетімді болуына бағытталған қадам деуге болады.