2026 жылғы 6 наурызда сағат 16.00-де Теміртау тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Республикасының суретшілер Одағының мүшесі Мұстафина Хайнисаның 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орайластырылған «Тағдыр тоқыған сурет» атты жеке көрмесінің ашылуы өтті.
Мұстафина Хайниса Рахымжанқызы- Қазақстан Республикасы дизайнерлер Одағының және Қазақстан Республикасы суретшілер Одағының мүшесі. Гоголь атындағы көркем училищесін аяқтап, «Театр техникасы және спектакльді безендіру» мамандығы бойынша Алматы театр-көркемсурет институтында жоғары білім алды.
2001 жылдан бастап Теміртау тарихи – өлкетану музейінде суретші – безендіруші. 2014 жылы «Жылдың үздік суретшісі» номинациясында Облыстық мәдениет басқармасы сыйлығының иегері атанды.
Өнердегі негізгі бағыты графика болғандықтан, Хайниса осы техникадағы туындыларын ұсынды. Оның бастапқы кезеңдегі шығармашылығына тән классикалық монохромды ақ-қара түстен бастап, түрлі-түсті пастельге дейін. Ол өз жұмысында қабаттастыруды қолданады, ақ парақтың бүкіл кеңістігі контур сызықтарының көмегімен мәнерлі өрнекпен толтырылады – осылайша сюжет туындайды.
Соңғы кезде суретші аралас техниканы қолданып жүр. Ол қарапайым қатты қағазды (картон) негізге алады. Түрлі қолда бар материалдарды - түсті жіптерді, иірілген жіптерді, этникалық ою-өрнектері бар мата кесімдерін, былғарыны пайдалана отырып, көркемдік-техникалық әдістердің көмегімен дәстүрлі қазақ ұлттық нақышта көлемді композиция жасайды.
Өзінің шығармашылығында әйел бейнесіне ерекше көңіл бөледі. Жас қыздан бастап өмірлік тәжірибе жиған әйел – анаға дейін. Әр бейнеде сүйіспеншілік, мақтау мен мадақтау, құрмет- қошемет жырланады.
Шығармаларының сюжеттік мағынасы өте терең. Шағын қағаз парағында – тұтас тарихи оқиғалар, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен мәдени дәстүрлердің алуан түрлілігі. Шығармашылық ізденістің нәтижесінде мазмұнды, мәнді және көп қырынды көрмені көруге болады.





