29 мамырда сағат 12.00-де Теміртау қалалық тарихи-өлкетану музейінде, «Қала тұрғындары» сериясынан, «Теміртау саяси қуғын-сүргін жүйесінде: құжаттар мен куәліктер» атты жинақтың тұсаукесері өтті.
Кітаптың жарыққа шығуы Қазақстан тарихындағы қайғылы кезеңге - жаппай саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне, сондай-ақ Қарлагтың құрылғанына 95 жыл толуына орайластырылды.
Басылыммен жұмыс көптеген жылдар бойы жүргізіліп, музей қызметкерлерінің ауқымды зерттеу жұмысының нәтижесіне айналды. Жинаққа Қарағанды облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің Арнайы мемлекеттік архиві қорынан, Қарағанды облысының мемлекеттік архивінен, Теміртау қаласының мемлекеттік архивінен, Қазақстан Республикасының толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының материалдарынан, сондай-ақ Теміртау тарихи-өлкетану музейі қорынан алынған бірегей архивтік құжаттар енгізілді.
Кітаптың тұсаукесеріне Теміртау қаласының Ақсақалдар кеңесі мен Ардагерлер кеңесінің өкілдері, қала мектептерінің тарих пәні мұғалімдері, «Шаңырақ» волонтерлік орталығының тәрбиеленушілері және Жоғары политехникалық колледж студенттері қатысты.






