2026 жылғы 2 маусымда Теміртау тарихи-өлкетану музейінде мектеп жанындағы лагерь тәрбиеленушілеріне арналған «Сиқыр шеберханасы» атты арт-зертхана өз жұмысын бастады.
Жас келушілерді үш тақырыптық аймақ бойынша қызықты саяхат күтіп тұрды, әрбір аймақ нағыз зерттеу орталығына айналды. Бағдарламаны өткізу үшін арнайы экспозициялық бөлімдер дайындалып, онда қатысушылар өз білімдерін, тапқырлықтарын және шығармашылық қабілеттерін көрсете алды.
«Eco-зертхана» аймағы
Экологиялық зертханада балалар қоршаған ортаға ұқыпты қараудың негіздерімен танысты. Қатысушылар танымдық тәжірибелер жүргізіп, пайдаланылған қағазға екінші өмір сыйлауды үйренді, одан қағаз пакеттер жасады. Қалдықтарды сұрыптау ойыны ерекше қызығушылық тудырды: балалар пластикті, металды және қағазды арнайы контейнерлерге бөліп салды. Сонымен қатар, олар суды үнемдеп пайдалану тапсырмасына қатысты: қасықтың көмегімен суды шелектен стақанға бір тамшысын да төкпей жеткізуге тырысты.
«Crime-зертхана» аймағы
Бұл алаңда жас зерттеушілер өздерін нағыз криминалист ретінде сезінді. Әр қатысушы дактилоскопиялық сараптама жүргізіп, өз саусағының бірегей із өрнегін зерттеді. Трасологиялық сараптама барысында балалар жануарлардың, велосипедтің, адамның және басқа да нысандардың іздерін қарастырды. Сонымен қатар, олар шифрды шешу арқылы музей жәдігерлерінің атауларын тапты, содан кейін шартты қылмыскердің фотороботын құрастырып, өздерінің байқампаздығын көрсетті.
«S-QlabCosmic» аймағы
Ғарыш зертханасы қатысушыларға космонавтика әлемінің таңғажайып қырларын таныстырды. Балаларға ептілік пен дәлдікті талап ететін ерекше тапсырма орындау ұсынылды: үстел бетіндегі шарды бүйіріне бекітілген стақанға дәл түсетіндей етіп домалату қажет болды. Сонымен қатар, қатысушылар жердің жасанды серігі, «Восток» зымыран-тасығышы және бірнеше рет пайдаланылатын «Шаттл» ғарыш кемесі бейнеленген тақырыптық пазлдарды құрастырды. Тапсырмаларды орындау барысында балалар ғарышты игеру тарихы мен әлемдік ғарышкерліктің жетістіктері туралы білімдерін кеңейтті.
«Сиқыр шеберханасы» деп аталған арт-зертхана балалар үшін тек қызықты ойын-сауық қана емес, сонымен қатар жаңа білім алып, логикалық ойлауын, шығармашылық қабілеттерін және топпен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді. Әрбір қатысушы өзін эколог, криминалист және ғарыш зерттеушісі ретінде сезініп, ғылым мен шығармашылықтың ғажайып әлемін жаңаша қырынан таныды.







