КМҚК «Теміртау қалалық
тарихи-өлкетану музейі»
ғылыми қызметкер
Шувалова О.А.
Дәуірдің бастапқы коды: 1950–60-шы жылдардағы Теміртау
1950-1960-шы жылдар Теміртау қаласының қарқынды даму кезеңі. Шағын елді мекен Самарқанд кенті ірі өнеркәсіптік және мәдени орталыққа, қара металлургияның болашақ алыбына айналды. Ауқымды өндірістік жоспарлар мен алып құрылыстардың артында жаңа қаланы өз еңбегімен тұрғызған мыңдаған адамдардың тағдыры тұрды. Теміртау тек зауыт цехтары мен өндірістік алаңдар арқылы ғана емес, балалардың күлкісімен, салынып жатқан жолдардың гуілімен, аулалардағы көршілердің әңгімесімен және радиоқабылдағыштардан естілген джаз әуендерімен де өмірге толы болды.
Жас қаланың тыныс-тіршілігінің ырғағын металлургия зауыты айқындады. Әрбір күн жұмысшыларды ауысымға шақырған зауыт гудоктарының үнімен басталып, сол үнмен аяқталатын. Көшелер жұмысқа асыққан, соңғы жаңалықтар мен жоспарларды талқылаған адамдарға толы болатын. Еңбек күні аяқталған соң Теміртау отбасылық және достық қарым-қатынасқа толы ерекше атмосфераға бөленіп, өмір зауыт цехтарынан үйлер мен аулаларға көшетін.
Алайда инфрақұрылым халық санының қарқынды өсуіне әрдайым ілесе алмады. 1950-ші жылдардың басындағы тұрғын үй қоры айқын қарама-қайшылықтарымен ерекшеленді. Құрылыстардың едәуір бөлігін дәліздің соңында ортақ санитарлық торабы бар бір қабатты үйлер құрады, халық оларды «барақтар» деп атап кетті. Қаланың шығыс бөлігі екі қабатты қалқанды үйлермен қарқынды түрде салынды, олардың көпшілігі бүгінгі күнде де қолданыста. Сонымен қатар қаланы көркейту жұмыстары да үздіксіз жүргізілді. 1952 жылдың қаңтарында алғашқы үш қабатты, 18 пәтерлі тұрғын үй, 15 шақырым жол және 17 шақырым су құбыры пайдалануға берілді. Арнайы көшеттер тәлімбағының құрылуының арқасында жасыл желек алқабы 25 гектарға ұлғайды. 1954 жылдың қарашасында 31-ші орам қалыптасты: онда 112 жайлы пәтер, асфальтталған жаяу жүргіншілер жолдары және жүздеген отырғызылған ағаштар болды. 1960-жылдардың басына қарай барақтардың орнын типтік «хрущевкалар» басты. Олардың шағын асүйлері отбасылық әңгімелердің, достардың бас қосатын, қала жаңалықтары талқыланатын орынға айналды.
Қала өмірінің ажырамас бөлігі аулалар болды. 1950-ші жылдары олар үй кеңістігінің жалғасы еді. Мұнда ер адамдар шахмат ойнап, зауыттағы жұмыстарды талқылап, әйелдер өзара ас мәзірлерімен, үйде дайындалған тәтті тағамдарымен бөлісті. Ал ересектеу балалар өзінен кішілерге велосипед тебуді үйрететін.
Уақыт өте келе қала көшелерінің келбеті де өзгере бастады. Халық санының өсуімен бірге көлік саны да артып, жол қозғалысын реттеу қажеттілігі туындады. 1952 жылдың қыркүйегінде қалалық атқару комитеті көше қозғалысын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекітті. Жаңадан төселген асфальт жолдарды сақтау мақсатында олармен тракторлардың, экскаваторлардың және шегелі доңғалақты ат көліктерінің жүруіне тыйым салынды. велосипедшілерге де қатысты шектеулер қойылды: 13 жасқа толмаған балаларға көшелерде велосипед тебуге, жарыс ұйымдастыруға, бір орындық велосипедпен жолаушы тасымалдауға және саябақтардың жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруге тиым салынды. Ережелерді бұзғандарға 10 рубль көлемінде айыппұл салынды, ал ол уақытында төленбеген жағдайда милиция арқылы өндіріліп, мөлшері үш есеге дейін ұлғайтылды.
Автокөлікке деген сұраныс та арта түсті. Қаладағы автопарктың қарқынды өскені соншалық, 1956 жылдың ақпан айында Теміртауда авто мектеп ашылды. Сонымен қатар жол инфрақұрылымы да дамыды. 1953 жылдың күзінде бульдозерлер, экскаваторлар және асфальт төсеу техникаларының қолданылуымен Қарағанды – Теміртау тасжолының құрылысы басталды.
Өнеркәсіптік қаланың қарқынды ырғағына қарамастан, теміртаулықтар өнер мен шығармашылыққа да уақыт таба білді. Қаланың мәдени өмірі өндіріс саласымен қатар қарқынды дамыды. 1952 жылдың маусымында Қазақ металлургия зауытының прокат цехындағы қызыл бұрышта жұмысшылар алдында Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры әртістері өнер көрсетті. КСРО-ның Халық әртісі Күләш Байсейітова металлургтерді жартыжылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындауларымен жеке өзі құттықтады.
Театр гастрольдері қала өміріндегі елеулі оқиғалардың біріне айналды. 1954 жылдың тамызында Теміртау тұрғындары Қарағанды облыстық драма театры қойған спектакльдерді тамашалады, ал 1959 жылдың жазында қалаға «Современник» театры гастрольдік сапармен келді. Бұл қойылымдар көрермендерге соншалықты әсер қалдырғандықтан, Металлургтер мәдениет сарайы жанынан дәл осындай атаумен халық театры құрылды.
Қаланың мәдени өмірінде Металлургтер мәдениет сарайы (қазіргі Теміртау жасөспірімдер театры) ерекше орын алды. Ол 1956 жылдың қазан айында ашылды. Мұнда 14 шығармашылық үйірме жұмыс істеді, ал сахна сол кезең үшін бірегей саналатын айналмалы механизммен жабдықталды. Бұл күрделі декорацияларды жылдам ауыстырып, түрлі көріністерді шынайы бейнелеуге мүмкіндік берді. Құрылысшылар да өздерінің мәдени ортасын қалыптастырды. Олардың Мәдениет үйі жанынан «Буревестник» драма театры ашылды, ал 1959 жылдың желтоқсанында әуесқой киностудия өз жұмысын бастады.
1955 жылдың қараша айында «Советский Казахстан» журналында жарық көрген, теміртаулықтардың еңбек ерлігіне арналған Таир Жароковтың «Далада туған болат» поэмасы сол кездегі дәуірді айқын бейнеледі.
Өскелең ұрпақты тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінді. Теміртау жастары жасампаздық, шығармашылық және спорт рухы үстемдік құрған ортада тәрбиеленді. 1953 жылдың қыркүйегінде 64 оқушыға арналған алғашқы музыка мектебі ашылып, онда фортепиано, скрипка және баян аспаптарында ойнау үйретілді. 1960-шы жылдары жастар кеңестік эстрадамен қатар, күйтабақтар арқылы таралған, шетелдік джаз музыкасына да қызығушылық таныта бастады.
1955 жылдың желтоқсанында балалар техникалық станциясы ашылды, ал 1958 жылдың маусым айынан бастап 320 орынға арналған «Восток балалар кинотеатры» жас көрермендерді қабылдай бастады. Қала тұрғындарының өмірінде кітап ерекше орын алды. 1954 жылдың қазан айында қалалық саябақта күзгі кітап базары өтіп, бір күннің ішінде оқу және көркем әдебиеттер 7 мың рубльге сатылды, бұл қазіргі есеппен 3 180 000 теңгеге тең.
Қаланың спорттық өмірі де белсенді дамыды. 1951 жылдың қарашасында «Металлург» еріктілер спорт қоғамының жанынан конькимен жүгіру, хоккей және шаңғы командалары құрылып, оларды жабдықтауға 30 мың рубль бөлінді. Жаз мезгілінде велосипед және мотоцикл жарыстары, сондай-ақ Самарқанд су қоймасында жаппай жүзу жарыстары өткізілді. Ең есте қаларлық шаралардың бірі 1954 жылдың шілдесінде өткен ірі аралас эстафета болды.
Мектеп каникулдары саяхат пен жаңа ашылымдардың уақытына айналды. Пионерлер «Энергетик» пионер лагерінде және Бурабайда демалып, үйлеріне гербарийлер мен жаңа әсерлермен оралатын. Самарқанд су қоймасы қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналды, адамдар қайықпен серуендеп, әуесқойлық балық аулаумен айналысты. 1955 жылдың сәуірінен бастап балықшылар үшін маусымдық салық енгізіліп, тәуліктік аулау нормасы 25 килограмды құрады.
Өнеркәсіппен бірге әлеуметтік инфрақұрылым да дамыды. 1952 жылға қарай Теміртауда екі аурухана кешені, үш перзентхана, үш емхана және сегіз бөбекжай жұмыс істеді. 1954 жылдың шілдесінде медбикелер мектебі 48 дипломмен алғашқы мамандарды шығарды, ал 1959 жылдың жазында қалалық жедел жәрдем станциясының құрылысы басталды.
Қаланы абаттандыруға көп көңіл бөлінді. 1951 жылдың қаңтарында қалалық атқару комитеті қалалық саябақта жылыжайлар мен көшетханалар салуға 32 мың рубльге жуық қаржы бөліп, Теміртауды гүлдермен және көшеттермен қамтамасыз етуді мақсат етті. Алайда күнделікті өмір бірқалыпты күйде өтіп жатты. Дүкендерде нан, сүт, қант пен май еркін сатылғанымен, ет пен жеміс жиі талон арқылы берілді. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың қосалқы шаруашылықтары маңызды рөл атқарды. Мәселен, 1953 жылдың қазан айында олар картоп пен көкөністі молынан жинап, қаланы тұздалған қырыққабат пен қиярмен қамтамасыз етті.
Осы жағдайлардың барлығы біртұтас өмір салтына айналып, оның ішінде мерекелер ерекше орын алды. Жаңа жыл, 1 Мамыр және 7 Қараша жаппай халық серуендерімен, концерттермен, жәрмеңкелермен және көшелердің мерекелік безендірілуімен аталып өтті. 1958 жылдың шілдесінде Теміртау алғаш рет Бүкілодақтық металлургтер күнін тойлады. Теміртаулық отбасылар ортақ дастарқан басына жиналып, балалар аулаларда шағын қойылымдар ұйымдастырды.
1960-жылдардың соңына қарай Теміртау халқының саны 100 мыңнан асты. Шатырлы қалашық пен алғашқы құрылысшылардың барақтарынан ірі индустриялық қала қалыптасты. Дегенмен, оның басты байлығы –тұрғындары еді: олардың еңбекқорлығы, өзара көмегі және қарапайым нәрселерге қуана білуі. Бүгінде сол дәуір туралы естеліктер отбасылық мұрағаттар мен музей қорларында сақталып, өскелең ұрпаққа Теміртау тарихын зерделеуге, терең түсінуге көмектеседі.



